Молдова парламенті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында жасалған бірқатар келісімдерден, соның ішінде достастыққа мүше елдер азаматтарының визасыз барыс-келісі жөніндегі 1992 жылғы Бішкек келісімінен де шықты.
Молдова парламенті 12 желтоқсанда тиісті заң жобасын екінші оқылымда түпкілікті қабылдап, бекітті. Денонсация жасалған үш құжаттың қатарында визасыз сапарлар туралы келісім, жанама салықтар мен мемлекетаралық есеп айырысуларға қатысты ескірген келісімдер бар.
1992 жылғы қазанда Бішкекте қол қойылған визасыз режим туралы келісім ТМД елдерінің азаматтарына шекарадан 90 күнге дейін визасыз өтуге мүмкіндік берген еді. Енді Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары Молдоваға жұмыс істеу, оқу мен жеке мақсатпен бару үшін елге кіру визасын рәсімдеуге мәжбүр болады. Ал Қазақстан мен Өзбекстан сынды ТМД-ның басқа елдерінің азаматтары үшін сапар тәртібі өзгеріссіз қалады, өйткені Молдова мен бірқатар мемлекеттер арасында жекелеген екіжақты келісімдер күшінде.
Молдова билігі бұл құжаттарды денонсациялау ұлттық заңнаманы қазіргі заманғы стандарттарға сәйкестендіруге және оны Еуропа одағы ережелерімен ықпалдастыруға деген ұмтылысты білдіреді деп түсіндірді.
Қараша айында Молдова парламенті Ресеймен 1998 жылы жасалған келісімді денонсациялауды және Кишинёвтегі "Орыс үйі" деген атаумен танымал ресейлік ғылым және мәдениет орталығын жабуды мақұлдаған болатын.