Айбек Смадияров Қазақстан президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Оның жаңа қызметке тағайындалғаны туралы өкім Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
42 жастағы Айбек Смадияров осыдан бір апта бұрын сыртқы істер министрлігіндегі брифинг кезінде СІМ ресми өкілі қызметінен кететінін хабарлаған. Ол бұл қызметті 8 жыл атқарған.
2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған Смадияров 2005 жылы банк секторында жұмыс істеген, кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде түрлі қызмет атқарған.
Ол сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінде, Қазақстанның Венгрия мен Вьетнамдағы елшіліктерінде жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап министрліктің баспасөз қызметін басқарды. 2019-2023 жылдары Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары әрі СІМ-нің баспасөз хатшысы болды, одан кейін коммуникациялар департаментінің директоры әрі министрліктің ресми өкілі қызметін атқарды.